«Таза Қазақстан» – теңдессіз жоба
Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» үлкен қоғамдық қозғалысқа, күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Акцияның мақсаты – елді мекендерді, өзен-көлдерді, орман алқаптарын, жол бойларын тазалау, көгалдандыру, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, ең бастысы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Елімізде өткен жылы акция бұрын-соңды болмаған ауқымды көлемде өтті. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен барлық өңірде экологиялық сенбіліктер өткізілді. Акцияға миллионнан астам азамат қатысып, 1 159 тоннадан астам қоқыс жиналды, 1 609 мыңнан аса ағаш көшеті егілді. Экологиялық нормаларды бұзған 105 дерек анықталды. «TazaQazBot» электронды платформасы іске қосылып, 7 929 өтініш қабылданса, 7 061-і орындалды. Бұдан бөлек мектептер мен колледждерде экологиялық тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Қала мен ауыл тұрғындары арасында табиғатты қорғауға бағытталған түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Акция аясында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениеті қалыптасты.
Облысымыз да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалысып келеді. Тараз қаласында экологиялық акция аясында жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы сайт іске қосылып, облыс орталығындағы жасыл желектердің бірыңғай дерекқоры қалыптастырылуда.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша бүгінгі күнге дейін сенбіліктерге 109,4 мың жамбылдық қатысқан.
– Акция аясында 56 тарихи-мәдени ескерткіш, 100,5 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 3,1 мың шақырым көше жолы, 858,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазаланды. Нәтижесінде 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылған. Биыл облыс аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 11,9 миллиард теңге қаралды. Аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланымдағы орындарда қоқыс тастау фактілері бойынша 31,3 мың дерек тіркеліп, жалпы 273,9 миллион теңгеге айыппұл салынды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамы жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағынан 198 бей-берекет қоқыс үйіндісі анықталды. Бүгінде олардың 78 пайызы бойынша жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 57 ауылдық округ арқылы өтетін республикалық маңызы бар 954 шақырым автомобиль жолы апта сайын округ әкімдерінің ұйымдастыруымен тазаланады. «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша Телеграм-бот арқылы жыл басынан бері 470 өтінім түскен. Оның ішінде 424 өтінім мерзімінде қаралып, 3 өтінім бойынша бас тартылған, тағы 3 өтінім қаралу үстінде, – дейді Ғ.Исақов. Сонымен қатар «Жасыл белдеу», «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2 000 тал егу» іс-шаралары аясында көктемде 303 мың көшет отырғызылған.
Сообщение «Таза Қазақстан» – теңдессіз жоба появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.
