Алматыда жедел жәрдем көлігі жасөспірімді қағып кетті
Алматыда жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде 15 жастағы жасөспірімді қағып кетті. Жәбірленуші жарақат алған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға қалай болды?
Оқиға 7 қазанда Жандосов пен Береговой көшелерінің қиылысында болған. Жедел жәрдем көлігі қарсы жолақпен келе жатып, жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні соққан. Жол апаты видеоға түсіп қалды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы не дейді?
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы туралы айтты.
"Науқас жедел жәрдем бригадасымен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне дереу жеткізілді. Нейрохирургтің қарауы және қажетті тексерулерден кейін диагноз қойылды: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, бастың, беттің және сол тізе буынының жұмсақ тіндерінің көгеруі", – деп хабарлады басқарма.
Жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.
"Науқас әрі қарай бақылау мен қажетті ем алу үшін нейрохирургия бөліміне жатқызылды", – деп қорытындылады Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!