ru24.pro
World News
Июль
2025
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

ҰҚК басшысы Қазақстан қауіпсіздігіне төнетін негізгі қатерлерді айтты

0

Аспанның ашық, елдің тыныш болуы көзге көрінбейтін қажырлы еңбектің арқасында келеді. Ұлттық қауіпсіздік органдары күні қарсаңында ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, еліміздің алдында тұрған басты сын-қатерлерді атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның ішінде терроризм, діни экстремизм, трансұлттық қылмыс, кибершабуылдар мен сыртқы ықпал ету әрекеттері де бар. Неліктен қылмыскерлер нейрожелілермен қаруланып жатыр? Жаңа геосаяси жағдайда барлау мен қарсы барлау қалай жұмыс істейді? Экономикаға миллиардтаған теңге шығын келтіргендердің артында кімдер тұр және ҰҚК оларды қалай қайтарып жатыр? Барлық сауалдың жауабын осы сұхбаттан біле аласыз.

Фото: ҚР ҰҚК

— Ермек Алдабергенұлы, елдің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді қоғам ерекше назарда ұстайды. Ұлттық қауіпсіздік органдары күні қарсаңында ұлттық қауіпсіздік саласындағы негізгі сын-қатерлер туралы айтып берсеңіз. Бұл қауіп-қатаерлерді тоқтату үшін ҰҚК қандай жұмыстар атқарып жатыр?

— Қазір әлем әлдеқайда күрделі әрі болжап болмайтын сипатқа ие болды. Біз мұны күнделікті жедел-қызметтік жұмысымызда көріп отырмыз. Арнайы қызметтердің алдында тұрған қауіп-қатерлер әрқилы әрі бір-бірімен байланысты бола бастады.

Бір жағынан, халықаралық терроризм мен діни экстремизм, заңсыз көші-қон, трансұлттық қылмыс пен есірткі бизнесі сынды біз «дәстүрлі» санайтын қылмыстар әлі қайталанып жатыр.

Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың кең таралуына және жасанды интеллектінің барлық өмір салаларына енуіне байланысты жаңа қауіп-қатерлер шықты. Бұл мүмкіндіктерді қылмыстық және террористік топтар белсенді түрде пайдалануға көшті.

Біз жаһандық геосаяси ахуалды да елеусіз қалдыра алмаймыз. Бір өңірде болған жағдайлар лезде басқа елдердің қауіпсіздігіне әсер етеді. Қазақстан жаһандық саясаттың белсенді өкілі ретінде бұл қауіп-қатерлерден тыс қала алмайды. Саяси қысым күшейіп, қоғамдық санаға ықпал етіп жатыр, ұлтаралық және өңірлік мәселелер өзекті бола түсті, мәдени-адамгершілік және демографиялық даму үрдістеріне нұқсан келтіріп отыр.

Осындай жағдайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басты рөлі — елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, аумақтық тұтастықты қорғау және бейбітшілік пен келісімді сақтау. Осы айтылғандар кез келген мемлекеттің орнықты әрі қауіпсіз дамуының негізгі тіректері.

Айтқым келетін бір жайт, арнайы қызметтердің жұмысы көзге түспей, үнсіз жүргенде тиімді болады. Дегенмен бұл жұмыстардың маңызы туралы айту керек, себебі бейбіт уақытта да ұлттық қауіпсіздік әрдайым қауіп-қатерге кезігіп отырады. Ал оны қорғау үздіксіз, мұқият әрі кәсіби қызметті талап етеді.

— Діни экстремизм мен терроризм мәселесі әр кез өзекті саналады. Қазір қазақстандық арнайы қызмет бұл бағытта қандай міндеттер арқалап, қай бағытта әрекет етіп жатыр?

— Дұрыс айтасыз, халықаралық террористік және діни-экстремистік ұйымдар қазақстандықтарды радикалды идеологияға тарту үшін жасап жатқан амалдарын тоқтатар емес. Кейбір азаматтар деструктивті үгіт-насихаттың ықпалына түсіп, терроризм мен діни экстремизм идеологиясына бейім болды. Әдетте бұл шетелдік ықпал саналады, көбі интернет арқылы жүзеге асады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін терроризммен күрес және елде террористік немесе басқа да күш қолдану актілеріне жол бермеу — басым бағыттың бірі.

Мысалы, биыл Ақтөбе, Атырау облысы мен Шымкент қаласында терроризмді насихаттағаны, террористік қызметке адам тартқаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін бірқатар азаматтар сот үкімімен кінәлі деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Олар өз айналасындағы адамдарды шетелде террористер жағында соғыс қимылдарына қатысуға және діни себеппен күш қолдануға үгіттеген. Өздерінің радикалды көзқарастарын интернеттегі экстремистік материалдарды зерттеу арқылы нығайтып отырған.

Осындай қылмыстар бойынша биылдың өзінде 59 адам ұсталды және 60-тан астам адам сотталды.

Шетелдік радикалдар елімізге қалай келіп-кетеді, көші-қон арналары қандай, осыларды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. 2025 жылдың басынан бері терроризмге қатысы бар деген күдікпен 3,5 мыңға жуық шетелдікке елге кіруге тыйым салынды. Террористік қызметке қатысы бар 246 шетелдік Қазақстанға кіруге талпынғанымен, жолын кестік. Өз елдерінде терроризм мен діни экстремизм үшін іздеуде жүрген 16 адам ұсталды. Терроризм мен діни экстремизм идеясын қолдайтын 800-ге жуық мигрант анықталып, оларды елден шығару шаралары қабылданды.

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Радикалды идеялардың алдын алу кең ауқымды ведомствоаралық үйлестіруді талап етеді. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, терроризм идеологиясына қарсы күрес бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Терроризм мен экстремизмді насихаттайтын 9 мыңнан астам интернет материалдар анықталып, бұғатталды.

Қазір еліміздің Антитеррористік орталығының үйлестіруімен терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесі құрылып, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмысы жолға қойылды. Құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жетілдіріле түсті.

Жыл басынан бері 400-ден астам оқу-жаттығу мен терроризмге қарсы дайындықтар ұйымдастырылған. 95 мыңнан астам стратегиялық нысан қызметкерлеріне теракт болған жағдайда қалай әрекет ету керегі жөнінде тренингтер өткізілді.

Маусым айында Қостанай облысында республикалық «Найза-Антитеррор-2025» оқу-жаттығуының қорытынды кезеңі өтті. Онда терроризмге қарсы күрестегі мемлекеттік органдардың «гибридті» қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайындығы тексерілді.

Бұған қоса комитет ұлттық мүдделерді, конституциялық құрылысты және қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға ерекше көңіл бөліп отыр. Басым бағыттардың бірі — ұлттық экстремизмге, сепаратизмге және азаматтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға тартуға қарсы тұру. Қабылданып жатқан шаралар деструктивті әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік беріп жатыр.

Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ұлтаралық араздықты қоздыратын және радикалды көзқарасты ұстанатын тұлғаларды анықтау бойынша жұмыстар атқарылды.

– Сіз атап өткендей әлемдегі геосаяси жағдай еліміздің экономикасына да зиян тигізеді. Бұл бағытта тағы қандай қауіп-қатер байқалып жатыр?

— Жаһандық экономикадағы күйзелістер жалпы сипатқа ие болып, Қазақстан экономикасына да тікелей әсерін тигізіп отыр.

Фото: ҰҚК сайтында жарияланған видеодан кадр. «Найза-Антитеррор-2025» оқу-жаттығуы.

Осы жағдайда Комитеттің қызметі ел басшылығына экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жоспарланған реформаларды толыққанды іске асыруға жәрдемдесу қағидаттарына негізделеді.

Біз осы бағытта төнген қауіптерге алдын ала кешенді талдау жүргіземіз, уәкілетті инстанцияларға экономикалық секторлардағы даму мәселелерін ұсынамыз. Зиянның алдын алу бойынша ұсыныстар мен жүйелі шаралар әзірленеді.

Әлеуметтік-экономикалық даму, бюджеттік-салық саясаты және көлеңкелі экономикамен күрес мәселелері үнемі назарда тұр.

Шикізат және өңдеу салаларындағы жасырын схемалар жүйелі түрде анықталып, оларды тоқтату бойынша жұмыс атқарылып келеді. Шешім қабылдау процестерінде сыртқы ықпал ету әрекеттері әшкереленіп, жойылып жатыр.

Ұлттық компаниялар мен жүйе құраушы кәсіпорындарға ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық сауда ынтымақтастығы аясында экономикалық мүдделерді ілгерілетуге жәрдем көрсетілді.

Мысалы, ҰҚК материалдары бойынша, «Элеас» компаниясы мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері тоқтатылды. Олар бір шет елден белгісіз дәрілік препараттарды шикізат ретінде жасырып, контрабандалық жолмен елге кіргізіп, кейін оны жалған өндіріс арқылы Қазақстанда өткізген. Сот шешімімен келтірілген шығын көлемі 26 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолды қайта жаңғырту жобасын іске асыру барысында 300 млн теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның бұрынғы басшысының қылмыстық әрекеті тоқтатылды.

Осындай мысалдар жеткілікті, жұмыс қарқыны бәсеңдемейді. Жалпы, жыл басынан бері ҰҚК-нің экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары нәтижесінде 3,8 трлн теңгеден астам экономикалық шығынның алдын алдық, бюджетке 254 млрд теңге қайтарылды.

— Трансұлттық қылмыспен, соның ішінде есірткі бизнесімен және заңсыз қару айналымымен күрес бағытында қандай жұмыстар істеліп жатыр?

— ҚР Президенті құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында айтқанындай, күштік блок жұмысының басты қағидаты — «Заң мен тәртіп».

Біздің негізгі мақсатымыз қоғамды трансұлттық қылмыс пен есірткі бизнесінен барынша қорғау.

Енді нақты нәтижелерге тоқталсам, жыл басынан бері ІІМ-мен бірлесіп 15 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, 218 мүшесі ұсталды, 73 адам қамауға алынды.

Мысалы, маусым айында Орал қаласында кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топ әрекеті әшкереленді. 8 азамат ұсталып, екеуі сот санкциясымен қамауға алынды. Қазір алдын ала тергеу жүріп жатыр.

Сонымен қатар, полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп, 351 атыс қаруы, 57 граната және 5,5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Бұлар «қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған арсеналдың бір бөлігі. Осылайша қарудың деструктивті ортаға жеткізілуі және оны қоғам мен мемлекетке қарсы қолдану қауіпі жойылды.

Трансұлттық құрылымдар тарапынан елге бағытталған белсенді есірткі экспансиясы байқалуда. Бұл — ұлт денсаулығына төнген тікелей қауіп әрі ұлттық қауіпсіздікке зиян тигізетін әрекет.

Наркобизнеспен күрес үш негізгі элементке байланысты: халықаралық есірткі трафигі, психотроптық заттарды өндіру мен тарату, сондай-ақ каннабис негізіндегі заңсыз өндірістің өзіндік шикізат базасы бар.

Осы бағытта қабылданған шаралар нәтижесінде 13 есірткі зертханасы жойылып, 29 халықаралық және өңірлік есірткі арнасы анықталды.

Мәселен, биыл мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік қызметтері бірігіп, Азия елінен Қазақстанға Өзбекстан аумағы арқылы ірі көлемде апиын мен гашиш жеткізудің жолын кесті. Трансұлттық есірткі құрылымының 4 мүшесі ұсталды, 82 келі апиын және 130 келі гашиш тәркіленді. Қара нарықтағы құны шамамен 2 млн доллар болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, жарты жыл ішінде 3,4 тоннадан астам есірткі мен 7,5 тоннаға жуық прекурсор алынды.

Көріп отырғаныңыздай, жұмыс ауқымды, бірақ шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Біз оларды шешуге және өз қызметімізді жетілдіруге ұмтылып жатырмыз.

— Сіз жаңа қауіп-қатердің бірі ретінде киберқауіпсіздік саласындағы қылмыстарды атадыңыз. Бұл бағытта Комитет қандай шараларды іске асырып жатыр?

— Заманауи технологиялар кеңінен таралып, қазір өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Иә, оның артықшылығы жетерлік.

Алайда бұл технологиялық даму киберқылмыскерлердің де құралына айналып отыр. Олар қазір цифрлық инфрақұрылымға елеулі залал келтіріп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҰҚК ІІМ, Цифрлық даму министрлігі және Бас прокуратурамен бірлесіп киберқылмыспен күрес тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс атқарып жатыр.

ҰҚК бастамасымен Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға халықаралық тәжірибе ескерілген бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылды.

Бұл жұмыс алғашқы нәтижесін беріп отыр. Прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп, еліміздің бірқатар қалаларында абоненттік нөмірлерді заңсыз пайдалану фактілері анықталды.

Алаяқтықпен күрес аясында биыл ІІМ-мен бірлесіп 12 қалада бірқатар шаралар атқардық. Қазақстан мен шетел азаматтарынан біріккен топтар ұсталып, алаяқтық схемаларда пайдаланылған 76 SIM-box құрылғы тәркіленді.

ҰҚК информатизация және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды, соның ішінде түрлі деректер базасында сақталған құпия ақпаратты заңсыз өзгерту фактілерін тергеп жатыр.

Жалпы, осы және басқа да фактілер бойынша 40-тан астам қылмыстық іс қозғалды.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында биыл жарты жылда еліміздің маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған 965,4 млн кибершабуыл мен 3,5 мыңнан астам DDoS-шабуылдың бетін қайтардық. Шамамен 1 мың фишингтік интернет-ресурс анықталды.

Жалған терроризм туралы хабарламалар таратудың 68 фактісі бойынша іздестіру шаралары жүргізіліп, процессуалдық шешімдер қабылданды.

Telegram мессенджері арқылы есірткі және психотроптық заттарды таратумен айналысқан 66 адам, сондай-ақ есірткі үшін ақы қабылдауға пайдаланылған 325 банк картасы анықталды.

Интернет арқылы суицидті насихаттаған және адамдарды өзін-өзі өлтіруге итермелеген 49 адамды табылды.

Алдын алу және уақтылы әрекет ету шараларына ерекше мән береміз. Киберқауіптерге қарсы тиімді әрекет ету тетіктерін әзірлеу үшін жыл сайын оқу-жаттығулар өткізіледі. Олар шартты шабуыл жасаушыларды іздеп табу, ұстау және цифрлық дәлелдерді жинау бойынша тергеу іс-әрекеттерін қамтиды.

— Әдетте, қарсы барлау мен сыртқы барлау қызметінің жұмысындағы жетістіктер көпшілікке көріне бермейді. Бұл бағыттағы қызмет туралы аз да болса мәлімет айта аласыз ба?

— Дұрыс айтасыз, сыртқы және қарсы барлау қызметінің ерекшелігіне байланысты олардың жұмыс нәтижесі көпшілікке жария етілмейді.

Фото: ҚР ҰҚК

Соған қарамастан олардың жұмыстары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Қазақстанның сыртқы барлау қызметі еліміздің ұлттық мүдделеріне саяси, экономикалық, әскери және технологиялық салаларда ықпал етуі мүмкін алдын ала ақпараттарды жинап, талдайды.

Ал қарсы барлау қызметі еліміздің саяси тұрақтылығына, экономикалық жағдайына және қорғаныс әлеуетіне нұқсан келтіруге бағытталған шетелдік барлау әрекеттерін уақытында анықтайды.

Күнделікті негізде біздің азаматтарды құқыққа қарсы әрекеттерге тартуға тырысатын жекелеген шетелдік субъектілердің әрекеттері анықталып, жолы кесіліп жатыр.

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Қарсы барлау қызметінің тағы бір маңызды бағыты — заңсыз көші-қонмен күрес. Бұл бағытта біз көршілес елдердің арнайы қызметтерімен бірге жұмыс істейміз.

Барлаушылар мен қарсы барлаушылар танымал болуды мақсат етпейді. Олардың миссиясы — бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың ертеңгі күнге сеніммен қарауына жағдай жасау. Қазақстан азаматтары тыныш өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Міне, осының өзі біз қойған міндеттердің орындалып жатқанын көрсетеді.

— Қазіргі жағдай шекара қауіпсіздігіне де жаңа талаптар қойып отыр.Қазақстан шекарасы қаншалықты қорғалған? Шекарашылар алдында қандай мәселелер тұр?

— Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету де Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басым бағыттарының біріне жатады. Терроризм, заңсыз көші-қон және есірткі айналымы қаупінің өзектілігі жағдайында шекара қызметінің жұмысы үнемі жетілдіріліп отыр.

Бүгінде Шекара қызметі әлдеқайда мобильді, заманауи талаптарға сай әрекет етеді және еліміздің шекараларын сенімді қорғайды.

2025 жылдың басынан бері шекарашылар 14,6 мыңнан астам шекаралық режимді бұзған адамдарды ұстады. Қару мен оқ-дәріні елге заңсыз әкелудің 475 әрекетінің жолын кесті, заңсыз 14 млрд теңгеден астам шетел валютасын алып өтпек болған жағдайларға тосқауыл қойды.

Қазір озық технологиялар енгізіліп жатыр. «Астана», «Алматы» әуежайларында және «Қордай» автомобиль өткізу пунктінде автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйелері іске қосылды. Бақылау жасанды интеллект пен автоматтандырылған дерекқорларды қолдану арқылы күшейтілді. Бұл тәжірибе алдағы уақытта барлық шекара бойында жалғасады.

Үкіметтің қолдауымен 10 автомобиль өткізу пунктінің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар аяқталған соң, олар заманауи бақылау құралдарына негізделген тиімді, қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Барлық өткізу пункттері бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілуде. Бұл ереже бұзушылықтарды жедел анықтауға және азаматтардың шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Басты мақсат — қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, артық бюрократиялық кедергілерді болдырмау. Бұл әсіресе трансшекаралық сауда мен туризмді дамыту үшін маңызды.

Сонымен қатар шекара инфрақұрылымын және инженерлік жабдықтарды жетілдіруде бірқатар мәселелер де бар. Бұл жұмыстар өте күрделі әрі қомақты қаржыны талап етеді. Ол кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

— Комитетте жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылғанын білеміз. Енді оның негізгі бағыттары қандай болады?

— Мемлекет басшысының Жарлығымен бұрынғы агенттік қайта құрылып, ҰҚК құрамында жаңа қызмет құрылды.

Бұл шешімді стратегиялық маңызы бар қадам деп айта аламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытты ҰҚК-ге қосу арқылы жемқорлықпен күресті мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алдық.

Комитеттің аналитикалық, жедел және техникалық мүмкіндіктерін антикоррупциялық құралдармен біріктіру бізге ауқымды әрі жүйелі заңбұзушылықтарды анықтауға көбірек жағдай жасайды. Қылмыстың түпкі себептерін де жоюға жол ашады.

Қазір біз Жарлықтан туындайтын қадамдық іс-шаралар алгоритмін жасап жатырмыз, соның ішінде тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр.

Үкіметпен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, бұрынғы ведомствоның функцияларын және өкілеттіктерін беру мәселелері қарастырылған.

Бұның бәрі күрделі және көпсатылы процесс. Дегенмен жаңа қызметтің жұмысы бір сәтке де тоқтаған жоқ.

Мемлекет басшысы атап өткендей, сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресу — өте қажетті іс болып тұр. Заң мен тәртіпті нығайту жағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізі болуға тиіс. Осы міндеттер орындалмайынша әділетті мемлекет құру мүмкін емес.

— Комитетте кадрларды іріктеу қалай жүргізіледі? Қандай мамандықтар сұранысқа ие? Сіздер үшін спорттық дайындық қаншалықты маңызды?

— Кадрлық жұмыс Комитет үшін стратегиялық басымдық саналады. Комитетке кім келіп, қалай дайындалатыны елдің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Қазір бізде екі мамандандырылған жоғары оқу орны жұмыс істейді: ҰҚК академиясы және Шекара академиясы. Жуырда осы оқу орындарында жас офицерлердің кезекті түлектері оқуын бітіріп шықты.

Болашақ қызметкерлерді оқыту барысында біз жаңа технологияларды, қолданбалы әдістер мен шынайы практикалық тәжірибелерді енгізіп отырмыз.

ҰҚК-ге қабылдау қатаң тәртіппен жүзеге асады. Қызметке тек Қазақстан азаматтары қабылданады, олар білім, физикалық дайындық, моральдық тұрақтылық және аналитикалық ойлау сияқты бірқатар талаптарға сай болуға тиіс.

Цифрлық технологиялар дәуірі заманауи талаптарды күн санап күшейтіп отыр. Сондықтан киберқауіпсіздік пен ақпараттық қауіпсіздік саласында ІТ, телекоммуникациялар және цифрлық аналитика саласындағы мамандар үлкен сұранысқа ие.

— Ұлттық қауіпсіздік органдары күні қарсаңында әріптестеріңізге не тілер едіңіз?

— Ұлттық қауіпсіздік органдары күні қарсаңында барлық әріптестерімді және ардагерлерімізді кәсіби мерекесімен құттықтаймын.

Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілік сақталады, қауіптердің алды алынып, мемлекеттің орнықты дамуына жағдай жасалып отыр.

Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, береке-бірлік және қызметтеріңізде табыс тілеймін!

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!