Қазақстандық оқу орнына құны 1,5 миллиард теңгенің мүлкі қайтарылды
Қаржы мониторингі агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекет қатысатын үлесті заңсыз иеліктен шығару дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚМА мәліметінше, 2018–2020 жылдары Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бұрынғы басшылығы "Технопарк "Алтай" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 78 пайыз мемлекеттік мажоритарлық үлесті заңсыз түрде жекеменшікке өткізген.
"Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау аясында университетке жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын "Технопарк "Алтай" ЖШС-дегі 100 пайыз үлес, 8 мың шаршы метрлік ғимарат пен 1,3 гектар жер телімі қайтарылды", - делінген хабарламада.
Қайтарылған активтер зертханалық және оқу базаларын орналастыруға, сондай-ақ травматология, ортопедия және онкологиялық протездеуге арналған медициналық өнімдер шығаратын инновациялық кластерді дамытуға пайдаланылатыны айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!