ru24.pro
World News
Май
2025

Оқушы мұғалімге былапыт сөз айтқан: қазіргі жағдай белгілі болды

0
Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен (НЗМ) оқудан шығарылған 11-сынып оқушысына қатысты жаңа дерек белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жоғары сынып оқушысы мемлекеттік мектепке ауыстырылды. Бұл туралы Алматының Білім басқармасы мәлімдеді. Оқушы тұрғылықты жері бойынша № 8 мектеп-гимназияға қабылданған, ол бітіру емтиханын тапысырып жатыр.

"Ол он бірінші сыныпқа қабылданды, бүгін алғашқы емтиханын тапсырады. Барлық емтиханды тапсырып болған соң, аттестатын алып, мектеп бітіреді", - деді Алматы қаласының білім басқармасы өкілі.

Қандай жағдай болды?
23 мамырда 11-сынып оқушысы Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен оқудан шығарылды. Мұның себебі емтихан кезіндегі тәртіпбұзушылық және мұғалімді "Ш"-дан басталатын сөзбен қорлау болған.
Оқушының үндеуі
Бұл шешім қоғамдық резонанс тудырды. Келесі күні жасөспірім бейнеүндеу жолдады. Ол мұғалімнен бірнеше рет кешірім сұрағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, директор өзі туралы мұғалімдер мен ата-аналар арасында жалған ақпарат таратқан.

"Маған осы мектепте қалып, өзім бағалайтын оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берсе, тәртіптік жазаға, қоғамдық жұмысқа немесе басқа да шараларға дайынмын", - деді ол.


Оқушы ауруханаға түсті
Кейінірек белсенді Аида Боқаева мектеп оқушысының жағдайы күрт нашарлағанын айтты.

"Сұңқардың жүйкесі сыр беріп, қызуы түсіп кетті. 21-інен бері тамақ ішкен жоқ. Қазір оны жедел жәрдем ауруханаға апара жатыр. Бүгінге дейін ол емтихан тапсыруға мүмкіндік береді деп ойлаған. Мүмкіндік бермейтінін білген соң жағдайы нашарлап кетті", - деді ол.

Министрлік пікірі
Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі жағдайға пікір білдірді.

"Елімізде ұстаздың мәртебесі заңмен бекітілген, бұл оның қоғамдағы орны ерекше екенін білдіреді. Ұстаз – бала тәрбиелеп, ұрпаққа жол көрсететін ардақты жан. Сондықтан ата-ана мен оқушы тарапынан мұғалімге құрметпен қарау – ең алдымен адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің абыройына күмән келтіру – бүкіл жүйенің беделін түсірумен бірдей", - деді ведомство өкілі.

Оқу-ағарту министрлігі педагогтің қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайтынын мәлімдеді.

"Бұл оқиғада оқушы өз қатесін түсініп, өкініш білдіріп отыр. Енді НЗМ бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен емес, сондай-ақ, адамгершілік, кешірімділік пен нағыз ұстаздық ұстанымдарға сүйене отырып шешеді деп үміттенеміз. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселеге өзі жіті назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Министрдің нұсқауына сәйкес бұл мәселемен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және аймақтық департаменттің өкілдері айналысады. Министр "НЗМ" басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен сөйлесті. Басқарма төрағасы мәселені жеке қолға алғанын, жағдайды жан-жақты қарап, не болғанын әділ бағалап, дұрыс шешім қабылдайтынына сендірді", - деді министрлік өкілі.

Кейінірек НЗМ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин жағдайға пікір білдіріп, оқушымен, ата-аналармен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізгенін мәлімдеді.
Бұл іс-шараға Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан.

"Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта қаралып, тараптар өзара түсіністікке келді. Назарбаев зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ", - деді ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!