“Сергек“ Астанадан кетеді: қаланы бақылау жүйесі айтарлықтай өзгереді
2017 жылдан бері елордада іске асырылып келе жатқан "Сергек" жобасы 13 наурызда аяқталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Енді Астанадағы бейнебақылау жүйесі G42 холдингіне кіретін Presight компаниясына беріледі. Бұл туралы Астананың цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар Сүлейманов мәлімдеді.
Мәслихат отырысында сөз сөйлеген Сүлейманов жаңа жобаны қалыптастыру барысында қазіргі жүйенің кемшіліктері ескерілгенін айтты.
"2017 жылы "Сергек" жобасы іске қосылған болатын. Биылғы 13 наурызында "Көркем Телеком" ЖШС-мен жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталады. Біз халықаралық Presight компаниясымен бірлесіп, Астанада жасанды интеллект негізінде қалалық инфрақұрылымды басқару шешімін енгізу бойынша жұмыстар жүргіздік", – деді ол.
Ол жобада 22 мың жалпы бейнебақылау камерасы, 732 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) жол қиылыстарында, 470 АБК магистральді учаскелерде, сондай-ақ 15 түрлі жол ережесін бұзу дерегін тіркеу және 35 түрлі видеоаналитика жүйесі қарастырылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, деректерді өңдеу орталығы құрылып, бірыңғай жағдайлық орталық жасақталады. Бұл жоба 2030 жылға дейін есептелген. Жасанды интеллект арқылы процестер оңтайландырылып, жаппай жиналатын орындарда 100 пайыздық бейнебақылау қамтамасыз етіледі.
"Жобаға жеке серіктес тарапынан 53 миллиард теңге инвестиция салынады – жоба толығымен инвестордың жеке қаражатымен қаржыландырылады. Сонымен бірге, қазақстандық компаниялардың үлесі 60 пайыз болады", – деп толықтырды Сүлейманов.
Мәслихат депутаттары "Сергек" жүйесін ауыстыруды және бейнебақылау жүйесін Presight компаниясына беруді мақұлдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!