Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте нешінші орында?
Speedtest Global Index қызметі 2024 жылғы желтоқсанның қорытындысын шығарып, интернеті ең жылдам елдер мен қалалардың рейтингін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңа зерттеуде мамандар 154 елдің шамамен 200 қаласындағы мобильді интернет пен орташа жылдамдығын талдаған. Speedtest Global Index бағалауының негізгі критерийлері – мобильді және кеңжолақты желілердегі жүктеу және жүктеп салу жылдамдығы.
Әлемдік сервис деректеріне сәйкес, мобильді интернет жылдамдығы бойынша елдердің рейтингінде Қазақстан бір сатыға көтерілген. Еліміз орташа жүктеу жылдамдығы 53,76 мегабит/секунд көрсеткішімен 57-орында тұр.
Кеңжолақты интернеттің жылдамдығы бойынша жағдай нашарлау – Қазақстан әлемдік рейтингте 88-орында (жылдамдығы – 73,67 мегабит/секунд).
Мобильді интернет жылдамдығы бойынша көшбасшылар үштігі дәстүрлі түрде:
Біріккен Араб Әмірліктері – 453,87 мегабит/секунд;
Қатар – 383,5 мегабит/секунд;
Кувейт – 257,3 мегабит/секунд.
Ең төменгі көрсеткіш тағы да Ауғанстанда тіркелді, мұнда жүктеу жылдамдығы 8,2 мегабит/секундты құрайды.
Айта кетсек, бұған дейін Сауда министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов баяу интернет – қазақстандық заңнамаға сәйкес тұтынушылар құқықтарының бұзылуы екенін мәлімдеген болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!