Қатты аязға дайын болыңыз: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
Қазгидромет синоптиктері 18 қаңтардан 23 қаңтарға дейін Қазақстанда ауа райы қандай болатынын болжады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Атлантикалық циклон ықпалынан Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынды ауа райы қалыптасады. Батыста, оңтүстікте және 20-21 қаңтарда елдің солтүстігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Қазақстан бойынша желдің күшеюі, тұман, көктайғақ болжанған.
18 қаңтарда Түркістан облысында, 20 қаңтарда Ұлытау облысында, 21 қаңтарда Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, 21-22 қаңтарда Ақмола облысында, 22 қаңтарда Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Абай облыстарында, 22-23 қаңтарда Шығыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстарында күшті жауын-шашын болжанып отыр.
22 қаңтардан бастап суық ауа массасы тарала бастайды, бұл ауа температурасының түнде едәуір төмендеуіне әкеледі:
батыста 10-20 градус аязға дейін;
солтүстік-батыста және солтүстікте 20-30 градус аязға дейін;
орталықта және шығыста 25-35 градус аязға дейін;
елдің оңтүстігінде 12-25 градус аязға дейін.
Синоптиктер қазақстандықтарды мұқият болып, қатты аязға және күрделі ауа райы жағдайларына дайын болуға шақырады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!