Қазақстандық Таиландтан келген сәлемдеме үшін 16 жылға сотталды
ҚМА Алматы облысында аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еске салсақ, Алматы облысы Іле ауданының "Қазпошта" АҚ бөлімшесіне жалпы салмағы 800 граммға жуық каннабис сығындысы (гашиш майы) есірткі заты бар пошта жөнелтілімі келіп түскен.
Жедел іс-шаралар барысында күдіктінің "Telegram" мессенджерін пайдаланып, Таиландтан есірткіге тапсырыс бергені белгілі болды.
"Пошта жөнелтілімін ашу кезінде косметикалық заттар түрінде жасырылған 8 банканың ішінде есірткі заттары анықталды. Сот үкімі бойынша, кінәлі тұлғаға 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, тәркіленген есірткі жойылды", - делінген хабарламада.
Жалпы, 2024 жылдың басынан бастап ҚМА контрабанда және есірткі құралдарының заңсыз айналымы фактілеріне қатысты 135 қылмыстық іс тіркеген.
Сонымен қатар, 77,1 келі есірткі құралдар, 3,2 келі психотроптық заттар, 206 мың анаболиктер (улы зат) және 1 700 "Тропикамид" көз тамшылары тәркіленгені айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!