Алматы полициясы жаңа жыл түні қалай өткенін хабарлады
Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметі мегаполисте Жаңа жыл түні қалай өткенін баяндады. Ведомствоның мәліметінше, мереке елеулі қылмыстар мен құрбандарсыз өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңа жыл қарсаңында Алматы полициясы күшейтілген қызмет көрсету режиміне ауыстырылды.
"Патрульдік нарядтардың саны көбейтілді, қызмет көрсету маршруттары көбейіп, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 300 әскери қызметшісі жаяу патрульдеуге тартылды. Азаматтардың жаппай жиналатын орындары мен мәдени-көркемдік шаралар өткізілетін орындар ерекше бақылауға алынды. Жалпы жаңа жыл түні қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үш мыңнан астам полицей жұмылдырылды", – деп хабарлады полиция.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Алматыда салыстырмалы түрде тыныш өтті.
"Өткен тәулікте мегаполисте үш мүліктік қылмыс жасалды. Олар патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан "ізін суытпай" ашылды. Сондай-ақ қала жолдарында бес мас жүргізуші ұсталып, көлік басқарудан шеттетілді", – деп мәлімдеді Алматы ПД баспасөз қызметі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!