ru24.pro
World News
Декабрь
2024
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Ақтөбе соты 8 адамның қазасына себепкер болған Беларусь азаматын 5 жылға соттады

0
Ақтөбе соты Самара-Шымкент тас жолында сегіз адамның ажалына себепкер болған Беларусь азаматы Сергей Соловьевті 5 жылға соттап, 7 жылға көлік жүргізу құқынан айырды. Бұған қоса, жол апаты кезінде жақындары қаза тапқан төрт отбасының әрқайсына 7 млн теңге, бірден үш адамын жоғалтқан отбасына 20 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.


Тергеу «көлік жүргізу қағидасын бұзып, екі немесе одан да көп адамның қазасына себепкер болды» деп айыптап отырған Сергей Соловьев 37 жаста. Беларусь республикасы Могилев облысының тумасы. MAN маркалы жүк көлігін жүргізген ол 2024 жылғы 7 тамыз күні Самара-Шымкент тас жолының бойында қарсы бағытқа шығып кетіп, Toyota Ipsum маркалы минвэнмен соқтығысқан.


Маңғыстау облысына ауыл балалары арасындағы футбол жарысына бару үшін Әйтеке би ауданының Қарашатау ауылынан шыққан көлікте 8 адам болған. Оның бесеуі бала. Қарашатау ауылының балалары Ақтөбеге аялдап, одан әрі пойызбен Маңғыстау облысында бармақ болған.


9-11 жас аралығындағы футболшы балаларды жарысқа дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жандос Әбілқаев бастап бара жатқан. Апатқа ұшыраған көлікте мұғалімнің екі ұлы 9 жастағы Омар мен 11 жастағы Мұхамбет те болған.


Сот үкімі күшіне енсе, Сергей Соловьев жаттықтырушы Жандос Әбілқаевтың отбасына 20 млн теңге, Toyota Ipsum салонында болған өзге төрт адамның отбасына 7 млн теңгеден моральдық шығын төлейді.


Бұл оқиға 2024 жылғы 7 тамыз күні Самара-Шымкент тас жолының 862-ші шақырымында болған. Toyota Ipsum көлігіндегі сегіз адамның бәрі оқиға орнында қаза болды. MAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісі өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Сот залында өз ісіне қатты өкінетінін айтып, зардап шегушілерден кешірім сұраған. Үкімнен соң сотталушы журналистерге ешқандай комментарий бермеді.


Полицияның мәліметінше, биыл Ақтөбе облысында 1141 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 22 бала қайтыс болып, 385 бала жарақат алған.