Түркістандық оқушылар республикалық ауыл мектептеріне арналған олимпиадада үздік нәтиже көрсетті
Астанада ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Олимпиаданың соңғы кезеңіне облысымыздан 41 оқушы қатысып, оның ішінде 23 оқушы жеңімпаз атанды.
Түркістан облысының қоржыныны 7 алтын, 4 күміс, 12 қола медальмен толықты. Бұл балалар – өңіріміздің ең шалғай аймақтарынан келген дарынды жастар. Жалпы есепте республикалық олимпиадада Түркістан облысының оқушыларына "Ең үздік олимпиадалық команда - 2024" атағы берілді.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Олимпиаданың бірінші облыстық кезеңіне 900-ге жуық оқушы қатысып, олардың 71-і олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алған.
Оның ішінде 41 оқушы жаратылыстану-математикалық бағыт, 30 оқушы гуманитарлық бағыт бойынша республикалық кезеңге өтті. Бұл ауыл оқушыларының интеллектуалдық жарыстарға деген қызығушылығының артқанын, республикалық олимпиаданың мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді.