ru24.pro
World News
Декабрь
2024

Путин үш жылдың бюджетін бекітті, әскер шығыны рекордтық көрсеткішке жетті

0
Ресей президенті Владимир Путин 2025-2027 жылдарға арналған федералдық бюджет туралы заңға қол қойды. 21 қарашада оны мемлекеттік дума бекіткен. Бюджетте әскери салаға бұрын-соңды болмаған дәрежеде қаражат бөлінген. 2025 жылы оның көлемі 13,5 трлн рубль болмақ – бұл мемлекеттің тұтас шығынының 41 пайызы. Бұл денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік саясат, ұлттық экономикаға бөлінген қаражаттардың барлығын есептегенде шығатын саннан да көп. 


Бұл шығынды жабу үшін 2025 жылдан бастап табыс салығы, шағын және орта бизнеске салынатын салық, мұнай, газ, көмір өндірісінен алынатын салық өседі, оған қоса ішімдік, темекі, тәтті сусынның акциздері де артады. Ресей экспорттаушылар мен импорттаушылар қауымдастығының мәліметінше, келесі жылы азық-түліктің барлық түрі – 20 пайызға, тұрғын үй коммуналды шаруашылық қызметтерінің ақысы 10 пайыз қымбаттайды. 


Заңда көрсетілгендей, мемлекеттің кірісі 2025 жылы 40,3 трлн рубль, ал шығыны 41,47 трлн болады. Дефицит - 1,17 трлн рубль. 


The Bell басылымының жазуынша, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздікке бөлінген қаражат – 13,5 трлн рубль Ресейдің постсоветтік кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш. 2024 жылы әскер шығынына 10,4 трлн рубль бөлінген. Ол кезде де бұл ең жоғары көрсеткіш болған. Үкімет сол кезде бұл бір реттік "аномалия", 2025 жылдан бастап әскер шығыны 8,5 трлн рубльға дейін азаяды деген еді. Алайда бұл болған жоқ. Бюджет жобасында әскер шығынын екі жылдан кейін сәл азайту қарастырылған – 2026 жылы бұл көрсеткіш 12,8 трлн рубль болмақ. 


Мемлекеттік думада бюджет жобасын таныстырған премьер-министрі Михаил Мишустин мемлекет әлеуметтік саясатқа басымдық береді деп мәлімдеген. Алайда 2025 жылы "денсаулық сақтау саласын дамытуға" 1,55 трлн рубль, білім саласына - 600,2 млрд рубль, әлеуметтік қолдау бағдарламасына 3,487 трлн рубль бөлінбек. 2025-2027 жылдары үш жыл аралығында отбасыларды қолдауға 10 трлн рубль жұмсалады.


Соғысқа қатысқандар мен олардың отбасыларын қолдауға арналған қосымша гранттар мен субсидиялар да бөлінбек. Оған бөлінетін гранттарды қорғаныс министрінің орынбасары, Владимир Путиннің немере қарындасы Анна Цивилева жетекшілік ететін "Защитники отечества" қоры үлестірмек.