ru24.pro
World News
Декабрь
2024
1 2 3 4 5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Қазасының құпиясы ашылмаған Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст орнатылды

0
2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқалділовке қойылған ескерткіш-бюстің ашу рәсімі өтті. Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне оның есімі берілді.


Нұрқаділовке қойылған ескерткіш-бюсті ашу рәсіміне қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен марқұмның үй-іші қатысты деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов "Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты" деген. Шараға қатысқандарға Заманбек Нұрқаділов көзі тірісінде жазған "Не только о себе" атты кітабы таратылған.


Биыл қаңтарда Заманбек Нұрқаділовке ас берілгенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасына хат жолдап, саясаткерге ескерткіш қоюды ұсынған.




2005 жылы 12 қарашада Заманбек Нұрқаділов Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Тергеу орындары "Нұрқаділов өзін тапаншадан үш рет – екі мәрте кеуде тұсынан және бір рет басынан атып мерт болған" деген қорытындыға келген. Бірақ марқұмның серіктері мен құқық қорғаушылар биліктің байламына күмән келтіріп, оппозициялық саясаткер кісі қолынан өлген болуы мүмкін деген долбар айтқан.


2022 жылы саясаткердің ұлы Қайрат Нұрқаділов әкесінің өліміне байланысты қылмыстық істі қайта тергеуді сұрап, Қазақстанның бас прокуратурасына арыз жазған. Бас прокуратура "істі қайта қарауға негіз жоқ" деп жауап берді.


Қайрат Нұрқаділов әкесі "өз-өзін үш рет атып өлтірді" дейтін ресми қорытындыға әуелден сенбегенін, билік қысымына байланысты тергеу қорытындысымен "келісуге" мәжбүр болғанын Қаңтар оқиғасынан кейін ғана ашық мәлімдеген.




Заманбек Нұрқаділов әр жылдары Алматы қаласының және облысының әкімі, мәжіліс депутаты, төтенше жағдайлар агенттігі төрағасы сияқты лауазымды қызметтер атқарған.


2004 жылы наурызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын ашық сынап, мемлекеттік қызметтен екінші рет кеткен Нұрқаділов елдегі оппозиция қатарына қосылды. Ол халық алдында есеп беретін, жемқорлықтан ада билік, әділ сайлау қажет екенін айтып, Ақорданы саяси реформалар жүргізуге шақырды. Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитет құратынын жариялаған.


Нұрқаділов көп жыл өзі үзеңгілесі болған Назарбаев пен оның айналасындағы жемқорлық туралы мәлімдемелер жасап, президенттің отставкаға кетуін талап еткен.