ru24.pro
World News
Ноябрь
2024

Грузияда 14 желтоқсанда президент сайлауы өтеді

0

Грузияда президент сайлауы 14 желтоқсанда парламент ғимаратында, ал инаугурациясы 29 желтоқсанда өтпек. Мұндай шешімді 26 қарашада парламент отырысында биліктегі "Грузин арманы" партиясының мүшелері 80 дауыспен бекітті. Сайлаудың екінші туры қажет болса, дауыс беру 14 желтоқсанда өтеді.

Грузия парламентінің спикері Шалва Папуашвилидің айтуынша, президент өкілетінің мерзімі алты жыл емес, бес жыл болуы үшін сайлау мен инаугурацияның биыл өткені маңызды.

Бұған дейін "Мтавари" оппозициялық арнасы Грузия президенттігіне "Грузин арманының" төрағасы Ираклий Гарибашвили мен елдің бірінші президенті Звиад Гамсахурдияның ұлы Константин Гамсахурдияның кандидатурасы қарастырылып жатыр деп хабарлаған. Алайда билікте отырған партия жетекшілерінің бірі Мамука Мдинарадзе мұны жоққа шығарды.

Грузия үкіметінің жаңа құрамы 28 қарашадағы парламент отырысында бекітілетіні белгілі болды. Қазіргі ел президенті Саломе Зурабишвили мен оппозициялық партиялар жаңа парламенттің заңдылығын мойындамай отыр.

Грузия президентін алғаш рет халық емес, сайлаушылар алқасы таңдайды. Ел Конституциясына сәйкес, алқа құрамына 300 адам кіреді, оның ішінде Грузия парламентінің 150 депутаты, Аджария мен Абхазия автономиялық республикасы жоғарғы кеңестерінің мүшелері бар.

Оппозицияның 61 депутаты дауыс беруге қатыспауы мүмкін, өйткені оппозициялық партиялар 11-шақырылымдағы парламенттің заңдылығын мойындамайды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы оппозиция өкілдері дауыс беруге қатыса ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Грузия президенттігіне кандидат ұсынуға сайлау алқасының кемі 30 мүшесі құқылы.

25 қарашада Тбилисиде өткен айда сайланған парламенттің алғашқы отырысы өтті. Грузия президенті Саломе Зурабишвили сессияға қатысқан жоқ. Ол 26 қазандағы дауыс берудің ресми қорытындысы "түгел бұрмаланған" деп біледі. Оппозициялық коалиция жетекшілері парламент отырысына бойкот жариялаған.