ru24.pro
World News
Ноябрь
2024

Путин: Ресей Қазақстанда жаңа орыс мектептерін салуды қолдайды

0
Ресей Қазақстанда жаңа орыс мектептерін салуды қолдайды. "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында Ресей президенті Владимир Путин осылай деген. Ол қазақтар көп шоғырланған Қазақстанның оңтүстігіндегі үш қалада "орыс мектептері ашылады деп сенеміз" деп жазған.


"Ресей сонымен бірге Қазақстанда жаңа орыс мектептерін салуды және орыс тіліндегі білім сапасын арттыруды қолдайды. Жуырда Қызылорда, Тараз және Түркістанда тағы осындай үш мектеп салынады деп сенеміз" деп жазған Путин мақалада. Ол мақалада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "орыс тілін қолдау жөніндегі халықаралық ұйым" құру туралы бастамасы үшін алғыс айтқан.


Қазақстанда 7 мыңға жуық мектеп болса, 1160-ы – таза орыс тілінде сабақ береді. 2 мыңнан астамы аралас мектеп.


Былтыр күзде Қазақстанның оңтүстігінде үш орыс мектеп ашылатыны жөнінде сөз болған кезде журналистер оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан "қазақтар көп шоғырланған жерде неге орыс тілінде мектеп ашылады?" деген сұраққа "біз көптілділікті дамытып жатырмыз" деген еді.


"Балаларымыз бәсекеге қабілетті болуға тиіс, көп тіл дамуы керек. Балалардың көп тілгеніне ата-атаналар қарсы емес. Сондықтан да ешқандай алаңдаушылық жоқ. Кез келген мектеп бәрібір мемлекеттік стандарт, біздің талаптарға сәйкес болуы керек" деді министр. Мұнда "ешқандай да насихат немесе саясат жоқ" деген министр орыс тілін тереңдетін мектепте сабақты Ресей оқытушылары оқытатынын айтқан.


Ресей басшысының мақаласы оның Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында жарияланды. Өз кезегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ресейлік "Известие" басылымында мақаласы жарық көрген.


"Известие" басылымындағы мақаласында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның оңтүстігінде "Ресей мектептері ашылатынын" атап өтіп, "Іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз" деп айтқан.


Оның сөзінше, қазіргі кезде Ресейдің жоғары оқу орындарында шамамен 60 мың қазақстандық студент оқып жатыр. Астанада Мәскеу халықаралық қатынастар мемлекеттік институтының бөлімшесін ашу жоспарда тұр. Тоқаевтың сөзінше, өз кезегінде Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігі ашылмақ.


Бұған дейін де Қазақстанда ресейлік оқу орындарының бөлімшелері ашылған еді. Осыған дейін "Болашақ" бағдарламасын Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарына қарай бағдарлау қажеттігі де айтылған.