ru24.pro
World News
Ноябрь
2024

Қызыл теңізде туристер мінген кеме батып кетті

0
Қызыл теңізде, Египеттің Марса-Алам курорты маңында, 25 қараша таңертең серуендеуге арналған кеме суға батып кетті. Кемеде 34 турист пен 14 экипаж мүшесі болған. Египет жағалау күзеті оларды құтқару операциясын жүргізіп жатыр. Дүйсенбі күні кешке дейін 28 адамды құтқарылған, 17 адам әлі табылған жоқ, оларды іздеу жалғасып жатыр.


Апатқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Төрт палубасы бар Sea Story моторлы яхтасы Қызыл теңізде бес күндік круизге шыққан. Жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 5.30 шамасында кеме апат туралы белгі берген. Бұқаралық ақпарат құралдары кейінгі күндері теңізде қатты толқын болып, желдің екпіні сағатына 60-70 шақырымға жетті деп жазды.


Кеме экипажы мүшелері – Египет азаматтары. Әртүрлі ақпаратқа сәйкес, туристер арасында Ұлыбритания, Испания, Германия, Финляндия, Бельгия, Словакия, АҚШ және Қытай азаматтары болған.


The Guardian газеті биыл Марса-Алам маңайында осыған ұқсас екі оқиға болған деп жазды. Екеуінде де адам шығыны жоқ. Маусым айында Франциядан барған 24 турист мінген яхта аударылған. Олардың бәрі құтқарылды. Қарашада апат болған туристер кемесінен 30 адам құтқарылды.


Марса-Алам – Қызыл теңіздегі курорт. Оның айналасындағы коралл рифтері қарапайым туристер мен әуесқой сүңгуірлер арасында танымал. Күн сайын теңізге ондаған серуендеуге арналған кеме мен сүңгуір қайықтар шығады. Оларға қойылған қауіпсіздік талаптары қатаң, бірақ көбіне жеке тасымалдаушылар ережені бұзады.