ru24.pro
World News
Ноябрь
2024

Тоқаев мемлекеттік қызмет туралы жарлықтарға өзгеріс енгізді

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірқатар құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, 2015 жылғы 29 желтоқсандағы "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" жарлыққа саяси мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану ережелеріне жаңартулар енгізілді. Енді олар міндеттерін бұзғаны, Президенттің немесе Президент Әкімшілігінің тапсырмаларын орындамағаны, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, тәртіп пен әдепті сақтамағаны, сондай-ақ мемлекеттік қызметке қатысты шектеулерді бұзғаны үшін жазалануы мүмкін.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 13 сәуірдегі "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" жарлық келесі мазмұндағы тармақпен толықтырылды:

"Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың кадрлық процестерін "Бірыңғай кадрлық жүйе" ақпараттық жүйесі базасында автоматтандыруды 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қамтамасыз етсін".

2000 жылғы 31 шілдедегі "Мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту, бюрократизммен күрес және құжат айналымын қысқарту шаралары туралы" жарлыққа да мемлекеттік органдар штатының санын көбейту ережелеріне қатысты өзгерістер енгізілді. Штат лимиттері тек үкімет шешімімен қайта бөлінуі мүмкін, келесі жағдайларды қоспағанда:

Президент енгізген төтенше жағдайларға әрекет ету қажеттілігі;
орталық мемлекеттік органдар немесе олардың ведомстволарының құрылуы;
Қазақстан Республикасының "Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту;
өзге де жағдайларда – Президенттің тапсырмасы бойынша.

Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, Парламент палаталарының аппараттары, Сот әкімшілігі, құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғаныс органдары, Қорғаныс министрлігі, сондай-ақ штаттық саны 100 бірліктен аз мемлекеттік органдардың бос штаттық бірліктері басқа мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінбейді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!