Сот референдум қарсаңында ұсталған белсенділердің қамау мерзімін ұзартты
Алматы соты АЭС бойынша референдум қарсаңында ұсталған бес белсендінің қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Бұл жөнінде адвокат Төлеген Берліқожаға сүйенген "Власть" жазды.
Елде АЭС референдумы жақындаған шақта қыркүйектің соңында Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстағаны белгілі болған еді. Олардың үстінен "Қылмысқа дайындалу және оқталу", "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылған. Жетеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Бұлар: Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аккузова, Жеңіс Мақсұтов, Рақыш Тоқманбетов, Азат Төлеухан, Ерболат Әубәкіров. Ал бес адам қамауға алынған: Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев, Айдар Мүбәраков.
"Жаңа ғана түрмедегі белсенділермен кездесіп шықтым. Кеше (21 қараша – ред.) олардың қамау мерзімін тағы бір айға ұзартқанын хабарладым. Сараптама әлі дайын емес екен. Бір нәрсе айту қиын" дейді адвокат басылымға.
Полицияның мәлімдеуінше, бес белсенді "жаппай тәртіпсіздік жоспарлаған", психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.
Ал қоғам белсенділері олардың ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.
6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды.
АЭС салуды жақтайтындар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелді болып қалу қаупі барын айтқан. Кей адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге кіріптар ете түседі деген уәж келтірген.