ru24.pro
World News
Октябрь
2024

YouTube-тегі "Жұрттың баласы" арнасының авторын полицияға шақыртты

0
22 қазанда YouTube-тегі "Жұрттың баласы" арнасының авторы Мұрат Даниярды полицияға шақыртқан. Бұл туралы автордың өзі Instagram-дағы парақшасында хабарлады.


Айтуынша, ол Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы 6 қазанда өткен референдум алдында "жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Оны Әуезов ауданы полиция басқармасына шақыртқан.


Шамамен бір сағаттан соң Мұрат Данияр журналистерге полициядан шыққанын айтты. Оның сөзінше, әлдекім оның үстінен "жалған ақпарат таратты" деп арыз жазған. Полиция автордың үстінен іс қозғай ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Мұрат Данияр полиция басқармасында "түсініктеме жаздым" деді.


Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің Азаттыққа айтуынша, Мұрат Данияр "профилактикалық әңгімеден" кейін босатылған. Оның үстінен хаттама толтырылды ма деген сұраққа "ақпарат жоқ" деп жауап берді.


Мұрат Данияр YouTube-тегі арнасында саясат, поп-мәдениет, қоғамда талқыланып жатқан оқиғалар жайлы видео жариялайды. Арнаның 405 мың жазылушысы бар. Бұдан бөлек, ол жемқорлықты зерттейтін Transparency International – Kazakhstan қорының атқарушы директоры.




АЭС құрылысы туралы референдум қарсаңында, 3 қазанда Орал қалалық соты жергілікті "Уральская неделя" газеті "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп тауып, басылымға 110 мың теңге айыппұл салды. Газет 30 қыркүйекте YouTube-арнасында және телеграм-арнасында жарияланған, халық арасында АЭС құрылысы мен референдум жөнінде блиц-сауал жүргізгені үшін жауапқа тартылды.


Референдумның түпкілікті қорытындысына сәйкес, халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдаған. Ресми дерек бойынша, дауыс беру құқына ие 12 284 487 Қазақстан азаматының 63,66 пайызы, яғни 7 820 204 адам референдумға қатысқан. 5 561 937 адам елде АЭС салуды қолдаған, 2 045 271 адам қарсы болған.




"Жалған ақпаратты жариялау, тарату" деген 456-2-бап Әкімшілік құқық бұзу кодексінде 2023 жылдың жазында пайда болды, ол кезде блогосфера туралы заңға енгізілген түзетулер күшіне енген болатын. Ең қатал жаза – 900 мың теңгеден асатын айыппұл (шамамен 1920 доллар) және 10 күнге қамау.


Түзету енгізу талқыланып жатқан сәтте-ақ құқық қорғаушылар дабыл қақты. Мамандар бұл бап Ресейдің қудалауға құрылған "фейк" туралы заңына ұқсайтынын айтып, ол қоғамдық талқылауды тұншықтыру, ақпарат құралдары мен блогерлерге қысым жасап, "жұмсақ" цензура қою мақсатында пайдаланылуы мүмкін екенін айтқан.