ru24.pro
World News
Сентябрь
2024

Кегенде құдыққа түскен үш адам қаза тапқан: мән-жайы белгілі болды

0

Алматы облысында құдықтан мәйіті табылған үш адамның неден қайтыс болғаны анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы облыстық полиция департаменті Кеген ауданындағы құдықтан үш адамның мәйіті табылғанын хабарлаған болатын. Қайтыс болған адамдардың денелері мәйітханаға жіберіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалған еді.
КТК телеарнасы мәліметінше, Алматы облысының тұрғыны баласын құтқарамын деп, көршісімен қоса бақилық болған. Үйінде су тоқтап қалған соң әкесі 15 жастағы ұлын ертіп үйінің жанындағы құбырды тексермек болыпты. Қасында көршісі болған. Құдыққа бірінен кейін бірі түсіп, үшеуі де шыға алмай қалған.
Қайтыс болғандардың туыстары қайғылы оқиғаға асфальт төсеу кезінде коммуналдық желінің дұрыс орнатылуын қадағаламаған жергілікті әкімді кінәлап отыр.

"Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Бірінші көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты ... болды. "Жүріп кеткен" деді. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Үшіншісін де, түбіне жете алмай, су болып тұр іші. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен", - дейді марқұмның туысы Дина Айтбаева.

Оқиға былай болған. Ең бірінші құдықты бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түскен екен. Бірақ көп ұзамай сонда талып қалады. Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да тіл тартпай кетті. Туыстарының шырылдап отырғаны - құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқан. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асыпты. Бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін.

"Су жүргізілгеннен кейін жол салынған кезде технология бойынша құдықтың беті көтеріліп тұру керек. Жол салған мердігер көтеріп, асфальтпен бірдей жасап кету керек болатын. Тұрғындар құдықтың бетін ашып қойған. Соңғы бір жарым айда Кеген ауылында дренажды канал жүргізілді. Сол кезде құдықтың бетін өздерінің топырағымен бекітіп кеткен", - дейді марқұмның туысы Мақпал Шадан.

Үшеуінің өліміне қатысты екінші болжам - құдықтың ішінде ток ұруы мүмкін. Қазір қайтыс болғандардың денесі Қонаев қаласына жеткізілген. Үшеуі метан газына уланды ма, әлде ток ұрып қайтыс болды ма, ол сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!