ru24.pro
World News
Сентябрь
2024

Астанадағы 13 жастағы қыздың өлімі: Мектеп оқушылары өз шындықтарын айтты

0
11 қыркүйекте Астананың оң жағалауындағы Байқоңыр ауданындағы №5 гимназияның іргесіндегі қараусыз қалған ғимарат ішінен 13 жастағы қыздың денесі табылды. Полиция қызметкерлері өлім себебі анықталып жатқанын айтты. Аталған мәселеге қатысты Massaget.kz тілшісі шағын зерттеу жүргізіп, оқиға орнына барып қайтты.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Балабақша, кейін баптистер мекені болған
Аудан тұрғыны Надя әжейдің айтуынша, 13 жастағы қыздың денесі табылған ғимарат бір кездері балабақша болған. Бүгінде ол синтетикалық есірткіге әуес оқушылар мен нашақор, маскүнемдердің ордасына айналған.

Бұл жерде қоршау болған, терезелері бүтін еді. Қоршауды кесіп өткізіп тастаған сияқты. Осындағы тұрғындар әкімдікке хабарласқан, полицияға да жағдайды талай айтқан. Бір жарым ай бұрын өрт болып, өрт сөндіру қызметі де келіп кеткен. Шағын аудан тұрғызамыз деп мектеп, қасынан балабақша салған. Кезінде мұнда 12 топ болды. Кейіннен біреуге сатып жіберді дейді. Мұнда топталып оқушылар, нашақорлар мен маскүнемдер жүреді. Олар "бұл біздің туған үйіміз" дейді. Олардың айтуынша, ішінде диванға дейін бар. Түскі сағат үш-төртте тербеліп жүреді.
Оқушылардың әңгімесі
Марқұм қыз қайтыс болған маңайды торуылдап жүрген оқушыларды байқап, сөзге тартып көрдік. Кәмелет жасына толмағандарды ата-аналарының рұқсатынсыз фотоға түсіруге болмайтындықтан, жеке қауіпсіздіктері үшін суреттері мен аты-жөндерінсіз шығарып отырмыз. Ескерту, әңгіме диктофонға жазылды.


Ол №16 мектепте оқыды, біз мына №5 гимназияданбыз. Оны бұрыннан танимыз, бізге 16-17 жастамын деп айтатын. Кеше ғана оның 13 жаста екенін білдік. Жақын күндері туған күнім деп жүрді. Ол шылым, вейптер шегетін. Мына қираған ғимаратқа бізді шақырған. Өзі осының маңайында газ балонын иіскеп отырды. Ас үйге, пешке арналған шағын газ балонын пакетке сеуіп, иіскейді. Ол бастапқыда күніне бес банкадан пайдаланатынмын, кейіннен мөлшерін 2-3 банкаға азайттым деген. Естуімізше, өлер алдында достарымен бірге "Целинный" дүкенінің жертөлесіне кіріп, үлкен газ балонын сатып алған. Достары, бәрі "передозировка" дейді.

Ескі ғимараттан 500 метр жердегі орындықтар маңында үш қыз, бір ұл бала отыр екен. Қолдарына вейп ұстаған қыздар жандарына барғанымда еш қымсынбай, шылым шегіп сөйлесті.


Біз онымен бір мектепте оқыдық. Біз сияқты қыз болған. Осы маңайда ата-әжесі тұрады, әкесі жоқ. Ол қыдырып, достарымен уақыт өткізгенді жақсы көретін. Сабағын орташа оқитын. Мектептегі жігіттердің айтуынша, ол ескі ғимаратқа шамамен сағат үште кіргенде жанында екі жігіт болған. Ол пакетті иіскеген соң, басы айналып құлап түсіпті. Қасындағылар қатты шошығаннан сыртқа атып шығып, қашқан. Кейін тоғызға таман оны басқа балалар тауып алып, полиция шақырады. Жаңағы екеуі қашып кетпей, жедел жәрдем қызметін шақырғанда мүмкін оны аман алып қалуға болатын еді.


Оқиға орнынан шығып келе жатқанымызда мектеп формасын киген 14-15 шамасындағы қыз бен жігіт келіп, "іші қалай екен, қорқынышты ма?" деп сұрады. "Мұнда не мақсатпен жүрсіңдер?" деген сұрағымызға "Ол көз жұмған жерді көзімізбен көрейік деп келдік" деп жауап берді.

Ол (марқұм қыз) менен бір сынып төмен оқиды. Кеше оның қайтыс болғанын естіген кезде сенер-сенбесімді білмедім. Таңертең көз алдыңда жүрген адам, кешке қайтыс болды дегенге сену қиын екен. Өзі сондай әдемі қыз еді ғой. Мектептен енді көрмейтініміз өкінішті. Досымды қасыма ертіп, көз жұмған жерін көрейін деп келген едім. Бірақ кіруге жүрегіміз дауаламай тұр. Ол жайлы көп ақпарат білмейміз. Естуімізше, қасында екі жігіт болған. Олардың қашып бара жатқанын көргендер бар. Мұнда кісі өлімі бірінші рет болып тұрған жоқ.

Бірнеше өлім болған...
Тастанды ғимарат маңындағы дүкендердің біріне кіріп, сатушыларды сөзге тарттық. Олар марқұмның бір күн бұрын достарымен келіп, ойыншық машина сатып алғанын айтты.

Күніне дүкенге жүздеген адам кіреді, оның жартысы оқушы. Газ балон бізде сатылмайды, ТЖО, құрлысы дүкендерінен алатын шығар. Оны фотодан көріп таныдық. Бір күн бұрын осында келіп, ойыншық машина алды. Артық қылығын көрген емеспіз. Бұл ғимаратта нашақорлар мен маскүнемдер жиналады. Кісі өлімі бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін ұл баланың, ересек жігіттің мүрдесі шыққан. Ересек жігіт курьер болған деседі. Нашақорлар шақырып алып "накачать" еткен, байқұс артық дозаны көтере алмай көз жұмыпты. Әкімдік пен полиция бұл жерді беске біледі. Шара қолдануға құлықты емес. Балаларымыздың болашағы үшін алаңдаймыз. Өрімдей жастар осылай өліп жатқанда, жылы жауып қойып отыруға болмайды ғой.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.