Елімізде ірі қара мал басының саны қанша?
Биыл 1 тамыздан бастап ауыл шаруашылығы санағының пилоттық жобасы іске қосылған еді. Жоба бойынша санақ қанша мекенді қамтыды? Жоба нәтижесі қандай? Елімізде қанша бас мал бар Massaget.kz тілшісі анықтап көрді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл санаққа Ұлттық статистика бюросы жауапты. Жалпы ауыл шаруашылығына қатысты республика бойынша санақ 2025 жылы өткізіледі. Ал тамызда басталған пилоттық жоба қыркүйектің аяғына дейін жоспарланған. Онда 54 елді мекен қамтылған.
Жалпы санақ не үшін қажет?
"Ауыл шаруашылығының пилоттық санағы кемшіліктерді анықтап, негізгі санақ процесін жетілдіруге мүмкіндік береді", - деді ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Қазір елімізде қанша бас мал бар?
Ауыл шарушылығы министрлігі ұсынған мәліметтер
Санақтың мақсаты қандай?
"Ауыл шаруашылығының құрылымы мен жай-күйі туралы деректерді жинау, өңдеу, ресми статистикалық ақпаратты талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау өткізу. Ауыл шаруашылығы санағын жүргізу нәтижесінде елдің ауыл шаруашылығы жағдайының, оның инфрақұрылымының, сала әлеуетінің толық және объектив бейнесі алынады. Санақ барысында төрт түлік саны, жер ресурстары және оларды пайдалану, суару, дақылдар алаңы, жұмыс күші, техниканы пайдалану, ғимараттардың болуы туралы деректерді нақтылау жоспарланған", - делінген Massaget.kz тілшісіне берген ресми жауапта.
Айта кетейік, 2023 жылы 8,4 миллион бас ірі қара, 19 миллион бас қой, 3,8 миллион жылқы, 2,3 миллион ешкі, 700 мыңға жуық шошқа, 250 мың түйе және 49,5 миллион құс тіркелді.
Ал 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ауыл шаруашылығы базасында 33,3 миллион бас тіркелді. Оның ішінде: ірі қара мал - 8,3 миллион, ҰҚМ - 20,6 миллион, жылқы - 3,4 миллион, түйе - 250 мың бас.