Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш" деп атап өтіп, мемлекет шын мұқтажға жәрдем беретіндігін үнемі айтып келеді.
Халықты баспанамен қамту мәселесі - мемлекет үшін қашан да басым бағыттың бірі.
Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бойынша бүгінде Сыр елінде қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл сайын өңірімізде халық игілігі үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің қатары көбеюде. Бұл өңіріміздің болашағы зор, әлеуетінің мол екенін көрсетеді.
Ел Президентінің қолдауымен облыс орталығы бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналды.
Жалпы Қызылорда облысының орталығында 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Оның 3139 пәтерлі 58 тұрғын үйі бюджет есебінен, ал 772 пәтерлі 16 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынды.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін 7 қабатты 840 пәтерлі 10 үйдің жоба-сметалық құжаттары және сараптама қорытындысын алу күтілуде.
Қызылордада жыл басынан бері 913 пәтер табысталып, 2 700 тұрғын баспаналы болды. Атап айтқанда, Тасбөгет кенті - 323 пәтер, Жаппасбай батыр көшесі - 380 пәтер, сол жағалау - 210 пәтер.
Жыл аяғына дейін Қызылорда қаласында 1 535 пәтер пайдалануға беріледі.