Қазақстанда жыл басынан бері қанша мопед жүргізушісіне айыппұл салынды?
10-20 мамыр аралығында Қазақстан бойынша "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу шарасының бірінші кезеңі өтіп, соған байланысты жолдағы жағдайды бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда 10 мыңға жуық мопедист әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 7522-сі Алматыда. Әкімшілік полиция комитеті мәліметінше, заңбұзушылықтардың негізгі бөлігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 615-бабына сәйкес келеді "Жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуы".
Бұл заңбұзушылық үшін екі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған, ол 2024 жылға 7 384 теңге болады. Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл 10 АЕК, яғни 36 940 теңгеге дейін өседі.
Мопед жүргізушілері де ӘҚБтК-нің 620-бабы "Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу" бойынша жауапкершілікке тартылады. Осы бапты бұзу ескерту жасауға немесе 3 АЕК (11 076 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкімшілік полиция комитеті мопедистер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтауды бақылауды күшейту жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!