ru24.pro
World News in Kazakh
Февраль
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
22
23
24
25
26
27
28

Тоқаев Қазақстан Газаны қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін мәлімдеді

0

Қазақстан Газа секторын қалпына келтіруге атсалысуға дайын. Бұл жөнінде Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда Дональд Трамп төрағалығымен өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиынында мәлімдеді.
"Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын" деді Тоқаев.
Оның сөзінше, Қазақстан палестиналық студенттердің елдегі университеттерде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр.
"Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бейбітшілік кеңесіне мүше Қазақстан кеңес алдындағы қаржылық міндеттемелерін де орындауға дайын екенін білдірді. Әзірге жарна көлемі белгісіз.
Қазақстан Газа секторына халықаралық көмек көрсететін елдер қатарына да енді.
"Қазақстан, Әзербайжан, БАӘ, Марокко, Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт көмек көрсету бойынша әрбір пакетке 7 млрд доллардан астам қаражат салғанын қуана хабарлаймын" деді АҚШ президенті Дональд Трамп шара кезінде. Оның сөзінен Reuters келтіреді.
Ол АҚШ-та Бейбітшілік кеңесіне 10 млрд доллар қаражат салатынын атап өтті.
Дүниежүзілік банк, БҰҰ және Еуроодақтың бағалауынша, Газаны қалпына келтіруге шамамен 50 млрд доллардан астам қаражат керек деп жазды агенттік.

Бейбітшілік кеңесі отырысы кезінде Дональд Трамп Қазақстанды "керемет әрі бай мемлекет" деп атады.
"Қазақстан президенті Тоқаев, көп рахмет! Бұл қандай ел? Бұл керемет әрі бай ел. Бүгін мұнда өте дәулетті адамдар отыр" деді Трамп.
Кездесу Дональд Трамп атындағы бейбітшілік институтында өтті.

Отырысқа ондаған мемлекет басшылары мен өкілдері қатысты. Арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарттан бөлек, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Армения премьері Никол Пашинян, Албания премьері Эди Рама және өзгелер қатысты.
Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын АҚШ президенті Дональд Трамп көтерген және оған төрағалық та етеді. 22 қаңтарда Давоста Бейбітшілік кеңесін қолдаған елдер, арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар, кеңестің жарғысына қол қойған.
Бейбітшілік кеңесі БҰҰ-ны алмастыруы мүмкін деген қауіп және Трамптың саясатымен келіспеушілік бірқатар елдер, оның ішіне ЕО елдерінің бейбітшілік кеңестен бас тартуына түрткі болды. Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі Иветт Купер бейбітшілік кеңесінің жұмысына Ресей президенті Владимир Путинді шақырудан секемденгенін айтқан.
Бұған дейін кей елдер Бейбітшілік кеңесі идеясын толық жоққа шығармайтынын, бірақ БҰҰ-ға балама құрылым ұйымдастыруға қарсы екенін және Трампқа кең өкілеттік беретін жарғының бірқатар ережесімен келіспейтінін білдірген деген ақпарат болған еді.