Қазақстандық блогерлер 1,2 млрд теңгеге кірісін декларациялады
Қазақстандық сегіз блогер 1,2 миллиард теңгеге жуық кірісті өз еркімен декларациялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бұл блогерлер өз бетінше декларация тапсырып, бюджетке 70,6 миллион теңге көлемінде салық төлеген.
"8 блогер 1 165,1 миллион теңге сомасындағы кірісін өз бетінше декларациялады және 70,6 миллион теңге сомасында салық төледі", - деп мәлімдеді МКК өкілдері.
Алайда олардың ішінде қандай блогерлер бар екені және кірістері қалай декларацияланғаны нақтыланбаған.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен. Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова салық органдарына қазақстандықтардан шағым түскенін мәлімдеді. Ол блогерлерге хабарламалар 2025 жылғы ақпанда 2022 және 2023 жылдардағы деректерді талдау нәтижесінде жіберілгенін айтты.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұдан кейін де әлеуметтік желілерде тарап кеткен блогерлердің тізімі мен олардың табысы туралы ақпаратқа пікір білдіріп, бұл тізім ресми құжат емес екенін және жүргізіліп жатқан салық тексерісіне қатысы жоқ екенін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!